Оралхан Бөкей “Апамның астауы”

Апам менің. Не деген жылы сөз. Менің кейіпкерім осы сөз арқылы апасына деген шексіз махаббатын, жүрек тулатар асау сезімін, алыстан қол созып күлімдей қарайтын күн шапағының ыстық сәулесіндей риясыз көңілін жеткізгісі келетін.

Апам менің. Өзекті өртеген, санаңды сандалтқан сиқырлы сағыныш. Бала мен ананың махаббаты, бір-біріне деген шынайы болмысы – сонау жер бетінің бір шетінен, екінші қиыр шетіне дейін айырылмай жалғасып жатқан жаратылысынан ғажайып көл – мұхиттардай күштірек, одан да берігірек.

Апам менің. Бүкіл денемді шымырлатып, тулап тұрған ыстық қаным – өне бойымда асау толқындардай арпалыспай, айналмай, тоқтап қалса да, менің денем, менің жан-дүнием суымасы анық. Өйткені апамның ыстық алақаны басымды бір сипаса, мұрныңды жарарлық қазақ әйелінің ерекше хош иісі жаныма жақындаса, асқан мейірімді мөлдір көздері жүзіме бір қараса, оның мұз бейнені жібітердей еріндері маңдайыма бір тисе, онда менің жүрегім атша тулағаны соншалық, қанымның барлық мүше жүйелеріме сылдырлап аққан бұлақтай қалай тез тарағанын білмей қалармын.

Апам менің. Қазақ әйелінің керемет суретшісі. Бір баланың емес барша қазақтың анасы. Қазақ әйелі қандай болу керек? – деген сұрақтың нақты жауабы. “Жер бетінде мінсіз адам болмайды, болса тек – Періште ғана мінсіз”- деген сөз бар еді ғой. Онда менің апам – адам емес “Періште”дер едім. Періште адам баласын жаманшылықтан қорғап жүреді – дейді. Содан екен ғой – менің періштемнің бізді қорғап жүретіні.

Апам менің. Қазақы қаймағы бұзылмаған кішкентай отбасымның ұйытқысы, қуанышы. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” демекші біздің үйдің берік керегесі. Асқақ армандарымның жол бастаушысы. Үйде- әйелдің, түзде еркектің жұмысын алып жүретін батыр ана. Бір сөзбен айтқанда барша қазақ қыздарына үлгі боларлықтай ерекше тұлға. Міне, Оралханның шығармасындағы “апам менің “сөзінің бес рет қайталануы, менің көкейіме осы бес түйінді сөзді ұялатты. Өткенге көз жүгіртсек атам заманнан жиырма бірінші ғасырға дейінгі қазақ әйелдері, біздің салт-санамыздың, әдет- ғұрпымыздың даңқты дәстүріміздің көрінісі, келбеті болатын.

Ал жиырма бірінші ғасырдағы қазақ қыздары қандай? Бұл сұрақтың жауабы қиын. Нақты бір бейне деп айтуда қиын. Енді өзімше пікір айтып көрейін. Қазір қазақ қыздары үшін “жаңғыру” заманы болып кеткен. Жақсы жағына жаңғырсақ жарайды. Қазіргі қыздар бұл ұғымды шатастырып алған іспетті. “Жаңғырамыз, жаңарамыз” деу шетел қыздарына еліктеу емес, қазақылығын сақтаған қарапайым қазақ қызының жетістікке жетуі, белгілі бір деңгейде өсуі, дамуы.

Қазақ қызы отау құрған соң үйде отырып қалсын деп айтпаймын. Ата-енесі, жарының қалауымен, еліне адал қызмет етсін, асыл жар, үлгілі келін, аяулы ана болсын. Қазір бәрі “заман талабынан қалмауымыз керек” деген кереғар пікірді ұстанады. Әрбір айтылған сөздің де өз шектеуі болатынын ұмытпағанымыз жөн. “Атың шықпаса, жер өрте”- деді екен деп абыройдан айырылудың қажеті жоқ. Сонау жиырмасыншы ғасырдағы қазақ қыздары Әлия, Мәншүк, Ләззаттар да қазақтың қайсар да ибалы азаматшалары екендігін, асқан отансүйгіштіктерімен, батырлықтарымен дәлелдеп кетті емес пе?!

Көпке топырақ шашпаймын әрине, бірақ қазіргі қоғамда “артық қылам-деп, тыртық қылып” жүрген қыздар аз емес. Сонымен қатар қазақ қыздарының абыройын асқақтатып жүрген азаматшалар да баршылық. Бәрін айтта бірін айт, бізге азат елдің ұрпағы болуды сыйлаған бабаларымыздың арман-тілектерін іске асыру біздің қолымызда.

“Шешеге қарап қыз өсер” демекші алдыңғы буын әпке- аналарымыздың жолымен жүріп, абыройымызды асқақтатайық. Қазақ ұлтының, қазақ әйелінің даңқын көтеретін, мерейін үстемдететін біз, “болашақ қазақ қыздары қазақ аналары”. Абыройымызды төгіп, атағымызды шығарамыз деп сол “жарық астау ” секілді қаңсып қалмайық.

Шығыс Қазақстан облысы

Зайсан ауданы Көкжыра ауылы,

Мұжықсу орта мектебінің

9-сынып оқушысы,

Айдана Таңжарыққызы

«QazBrand.info порталының» Telegram-каналына жазыламыз!
Бөлісу

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here